• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2018

Астық шығымы неге артпайды?

881 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары еліміздің егін шаруашылығы саласына келіп жатқан жаңа технологиялардың нәтижесінде мұндағы еңбек өнімділігінің өсе бас­тағаны белгілі. 

Өйткені жаңа алымды тұқым сепкіш пен комбайн, жер өңдеу құралы бұрынғы бірнеше техниканың орнын алмастыра алады. Міне, осының есебінен жұмсалатын шығын көлемі қысқарып, бұл еңбектің өнімділігінің өсуіне ықпал етуде.

Бірақ  өкінішке қарай, бұл жаңа техникалар еңбектің өнімділігін өсіргенімен, астық егістіктерінің шығымдылығын арттыруға әсер ете алмай отырғандығы сезіледі. Мы­салы, біздің еліміздің астық егістігінің әрбір гектарынан жиналатын өнім көлемі осыдан елу жыл бұрын орта есеппен алғанда ең әрі кеткенде 14-15 центнерден айналатын. Қазір де солай. Сонда гектар берекесі неге өспейді? Әлде бұл біздің маңдайымызға жазылып қойылған, бұлжымайтын көрсеткіш пе? Қазақстанның ауа райы, жер жағдайы осыдан артық өнім жинауға келмей ме?

Дегенмен, «Баптай білсе, жер жомарт» деп атам қазақ тегін айтпаса керек. Осыған бір мысал ретінде алыста жатқанымен жер жағдайы бізге ұқсас Канада еліндегі егін шығымдылығының өсу динамикасына тоқтала кетейік. Бұл елде соңғы елу жылдан астам уақыттың ішінде астық шығымдылығы екі есеге жуық өскен. Жалпы, түсіндіріп айтатын болсақ, біздің елде ауа райының құбылысы жеті жылдық циклды кезеңнен тұратын көрінеді. Сондықтан да ғалымдар егін шығымдылығын анықтауды әр жеті жылда бір қорытындылап отырғанды дұрыс көреді екен. Осы бойынша айтсақ, Канадада 1961 жылдан басталған екінші жетіжылдықта орта есеппен әр жылғы гектар шығымдылығы 14,5 центнерден айналса, үшінші жетіжылдықта – 16,6, төртінші жетіжылдықта – 18,1, бесінші жетіжылдықта – 19,4, алтыншыда – 20,1, жетіншіде – 22,9, сегізіншіде – 24,6, тоғызыншы жетіжылдықта – 30, 2 центнерден айналып, осылайша өсіп отырған. Кезінде бізбен бірдей өнім алатын Канада жерді баптап, жаңа технологияларды ілкімді пайдалану нәтижесінде осындай үлкен жетістікке жеткен. 

Ал бізде қалай? Мұны анықтау үшін ауыл шаруашылығы саласындағы айтулы ғалым академик Мехлис Сүлейменовтің еліміздің ең астықты өңірлерінің бірі Қостанай облысындағы жағдайды зерттей отырып жазған «Қазақстандағы егін шығымдылығы жарты ғасырдан бері өскен жоқ» атты еңбегіне тоқталғанымыз жөн секілді. М.Сүлейменов келтірген деректер бойынша Қостанай облысында 1953 жылдан басталған бірінші жетіжылдық циклды кезеңде әр гектардың жылдық орташа шығымдылығы 7,5 центнерден, екінші жетіжылдықта – 7,3 центнерден, үшінші жетіжылдықта – 10,8 центнерден, төртіншісінде – 10 центнерден, бесіншісінде – 10,1, алтыншысында – 9,4, жетіншісінде – 8,9, сегізіншісінде – 11,6, тоғызыншы жетіжылдықта – 10,5 центнерден айналған. Көріп отырғанымыздай, облыста егін шығымдылығы үшінші жетіжылдықтан бері, яғни 1967 жылдан бастап өспеген. Бұған не себеп?

Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі Қанат Ақшаловтың ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жаздық бидайдың шығымдылығы оны өсіруде қолданылатын технологияларымен тығыз байланысты болып келеді.

Еліміздің солтүстік өңірінде ерекше құр­ғақшылық жылдары гектар шығымдылығы 5-6 центнерді ғана құраса, топырақты тиімді өңдеу, қар тоқтату, тыңайтқыш себу, өсімдік қорғау құралдарын енгізу секілді шаралар кешенінен тұратын интенсивті технология­ны қолдану арқылы осы көрсеткішті 12-15 центнерге дейін көтеруге болады екен. Ал құрғақтау жылдары жаздық бидайдың әр гектарынан 8-10 центнерден өнім алынатын болса, жаңағыдай интенсивті технологияны пайдалану арқылы бұл көрсеткішті 18-20 центнерге жеткізуге болады. Аталған ғалым еңбегі осыны дәлелдеп отыр.

Бұл ғылыми мәліметтер Қостанай об­лысындағы «Жанахай» шаруа қожа­лығы, «Трояна» ЖШС секілді үздік шаруа­шылықтар тәжірибесі арқылы одан әрі дәлелдене түсуде. Аталған шаруашылықтар 2014-2016 жылдары жыл сайын астықтың әр гектарынан орта есеппен 25 центнерден өнім жинап отырған. «Трояна» ЖШС басшысы Юрий Малышконың айтуынша, ол тыңайтқыш пен өсімдік қорғау құралдарына қосымша шығын жұмсай отырып, көршілес шаруашылықтарға қарағанда әр гектардан астықты 7-8 центнер артық жинап отырған.

«Берсең – аларсың, ексең – орарсың» дейді атам қазақ. Егін шаруашылығына нарықтық қатынастардың енгізілуінің өзі біздің менталитеттік жағдайымызда егін шығымдылығын арттыруға түбегейлі себеп бола алмайтыны байқалатындай. Өйткені көптеген шаруа қожалықтары мен ЖШС басшылары нарықтың өзін ең алдымен үнемдеу деп түсінетіндей. Ал жерден бірдеңе алу үшін алдымен оның құнары мен ылғалын арттыру керек қой. Демек, жер, егін жөнінде сауатты көзқарас қалыптаспайынша біздегі астық шығымы артпайтын секілді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»